Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындарында» жүздеген волонтер халыққа қызмет көрсетіп жүр. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Еріктілер арасында 70 жастан асқан белсенді азаматтар да бар. Олар көп көзге түсе бермейді, бірақ өте жауапты міндет атқарады. Соның арқасында жас волонтерлердің жұмысы жеңілдеп, барлығын жылы қарсы алып, сыпайы шығарып салады.

Sputnik Қазақстан тілшісі еріктілердің штаб-пәтерінде болып, «күміс волонтерлердің» бұл іспен не үшін айналысатынын білді.

Жақсылық жасауға жас кедергі емес

Волонтер киімін киген үш апайды фойеден көруге болады. Үшеуі жарыс кезіндегі үзілісті пайдаланып, үстел басында бір-бірімен емен-жарқын әңгімелесіп отыр екен. Мойындарында бейдж, жүздерінде күлкі. 70-ке таяп қалған адамдарға мүлде ұқсамайды.

Меруерт Рахметова бұрыннан ағылшын тілінде еркін сөйлеуді армандап жүрген. Алдымен тілді өз бетінше үйреніп көрген, курсқа да барған. Бірақ ойлаған нәтижеге жете алмаған.

«Мен көбінесе өзім іздендім, интернеттен көп видео көрдім. Содан зейнеткерлерге арналған курсқа барып көрдім. Ол жерде қызықсыз болды, олар әліпби оқиды, ал мен ағылшынша сөйлегім келді», – дейді ол.

Меруерт спикинг-клубқа да барған. Сол жерде көпшілік оның тіл үйренуге деген ынтасы мен адамдарға деген қамқорлығын байқап, волонтерлікпен айналысуға кеңес берген.

«Сөйтіп, волонтерлік қызметпен айналысып, "Болашақ ойындарына" да келіп қалдық. Бұл жерде таң атқаннан кешке дейін "Hello! Where are you from?" деп сөйлесіп, тілімді жетілдіремін деп ойлағанмын. "Сіздер шаршайсыздар" деп, бізді ары-бері жүгіртпейді, бәрін өздері істейді», – деп атап өтті Рахметова.

Нағима Бектұрованың волонтерлікпен айналысып жүргеніне үш жылға жуық уақыт болған. Оның айтуынша, қазіргі таңда зейнеткерлерге жасалып жатқан мүмкіндіктерді пайдалану керек.

«Мен өзім қоғамға аз да болса пайдам тисін деп келдім. Өйткені бізге де барлық жағдай жасалып жатыр. Қалада бірнеше белсенді ұзақ өмір сүру орталығы бар. Сол жерде әрбір зейнеткер өз қызығушылығына қарай кез келген іспен айналыса алады. Осындай мүмкіндіктер жасалып отырғаннан кейін, неге біз де ақысыз өз үлесімізді қоспасқа деп ойладым. Волонтерлікке сол үшін келдім», – дейді Бектұрова.

Ал Гүлмира Жолбасқанова бұрын дәрігер болған. Сондықтан қамқорлықтың не екенін жақсы біледі.

«Мен волонтерлік қызметтен энергия аламын. Осындай жарыстарда біз өз көмегімізді көрсетіп, өз үлесімізді қосуға тырысамыз. Бұл үйдегілерге де үлкен мотивация», – дейді ол.