Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің онлайн-трансляцияларын көру көрсеткіші бір тәулік ішінде 100 миллионға өскен. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Кеше жарыс трансляцияларының жалпы қаралымы 85 миллион болса, бүгін бұл көрсеткіш 185 миллионға жетті.

Кеше фиджитал-баскетбол жарысы аяқталып, онда Ресей құрамасының командасы жеңіске жетті. Бүгін Counter-Strike 2 ойыны бойынша фиджитал-шутер жарыстары басталды.

Алғашқы кездесуде Қазақстан командасы жеңіске жетті.

Қазіргі уақытта Ресей мен Испания командалары өзара бақ сынап жатыр. Жарыстың физикалық кезеңі лазертаг форматында өтеді.

Ойыншылар бір-біріне қауіпсіз лазерлермен оқ атады, ал дәл тигізу нәтижелері арнайы жабдықтағы сенсорлар арқылы тіркеледі. Сонымен қатар PUBG ойыны бойынша жеке жарыс та өтеді.

Турнир бағдарламасында фиджитал-жауынгерлік өнер, фиджитал-футбол, Dota 2 және Just Dance бағыттары да бар. Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары» – осы форматтағы үшінші халықаралық жарыс.

Бұған дейін турнир Біріккен Араб Әмірліктерінде, ал 2024 жылы Қазан қаласында өткен.