Астанада өтіп жатқан халықаралық «Болашақ ойындары – 2026» турнирі көрермен аудиториясы бойынша рекордтық көрсеткішке жақындап келеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жарыстың алғашқы төрт күнінде турнир трансляциялары 85 миллионнан астам рет қаралған. Ұйымдастырушылардың болжамынша, жарыс аяқталғанға дейін жалпы аудитория көлемі 430-490 миллион қаралымға жетуі мүмкін.
Биыл турнирдің медиасеріктестері саны екі есеге артып, 27-ден 54-ке дейін өсті. Ал жарысты көрсететін стримерлер саны 58-ден 120-ға көбейді. Трансляциялар 16-дан астам тілде жүргізіліп жатыр.
Турнир контенті Қытай, ТМД елдері, Латын Америкасы, Үндістан және басқа да өңірлердегі цифрлық платформалар мен телеарналар арқылы таратылады. Олардың қатарында HUYA, BIGG TV, Play TV, XP Esports, VK, bilibili, Rutube және Douyu бар.
Көрермен санының өсуіне стримингтік платформалар да әсер етуде. Алдыңғы турнирде барлық қаралымның 82%-ы цифрлық сервистерге тиесілі болса, биыл бұл үлес одан әрі артып келеді.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ең жоғары көрсеткіштер финалдық кезеңде тіркелуі мүмкін. 5 тамызда Dota 2 финалы өтсе, 8–9 тамызда Counter-Strike 2, Mobile Legends: Bang Bang және фиджитал-футбол жарыстарының жеңімпаздары анықталады.
«Болашақ ойындары – 2026» — дәстүрлі спорт пен цифрлық технологияларды біріктіретін халықаралық мультиспорттық турнир. Жарыс Астанада 29 шілде мен 9 тамыз аралығында өтіп жатыр.
