Ертең Қазақстанда алғаш рет «Болашақ ойындары» халықаралық мультиспорттық турнирі басталады. 29 шілде мен 9 тамыз аралығында Астанада өтетін «Болашақ ойындары – 2026» киберспортты, дәстүрлі спорт түрлерін және заманауи технологияларды бір арнаға тоғыстыратын жаңа форматтағы халықаралық жарыс. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте туризм және спорт вице-министрі Серік Жарасбаев жарысқа дайындық барысы жөнінде баяндады. «Болашақ ойындарының» басты ерекшелігі – биыл жарыстың клубтық форматта өтуі. Яғни мұнда ұлттық құрамалар емес, халықаралық клубтар бақ сынайды. Бір команданың құрамында әртүрлі мемлекеттердің спортшылары өнер көрсете алады. Ал фиджитал дисциплиналарда спортшылар алдымен виртуалды кеңістікте сынға түсіп, кейін жарысты нақты спорт алаңында жалғастырады», – деді спикер.
Жарыстар 8 дисциплина бойынша өтеді
«Болашақ ойындары – 2026» турнирі аясында жарыстар 8 дисциплина бойынша өтеді: фиджитал футбол, фиджитал баскетбол, фиджитал жекпе-жек, фиджитал шутер, фиджитал би, Dota 2, Mobile Legends: Bang Bang және PUBG: Battlegrounds. Бүгінде 24 елден 400 жуық спортшы келді. Барлық жарыстар елордадағы төрт ірі спорт нысанында ұйымдастырылады: «Qazaqstan» жеңіл атлетикалық спорт кешенінде, Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында, BEELINE Arena Ұлттық теннис орталығында және «Барыс Аренада».
Жүлде қоры
«Турнирдің жалпы жүлде қоры демеушілік қаражат есебінен 4 млн 650 мың АҚШ долларын құрайды. Оның ішінде Dota 2 және PUBG: Battlegrounds дисциплиналарының әрқайсысына 1 млн АҚШ долларынан жүлде қоры қарастырылған», – деді Жарасбаев.
Phygital International бас атқарушы директоры Дэн Меркли Астананы «Болашақ ойындары 2026» турнирін өткізу үшін ең қолайлы орын деп атады. «Болашақ ойындары» турнирінің негізінде физикалық дайындық пен бәсекеге қабілетті геймингті бір дисциплина аясында біріктіретін спорттың жаңа моделі жатыр. Оның айтуынша, бүгінде бұл идея шын мәніндегі жаһандық қозғалысқа айналды. Фиджитал-спорт әлемнің 115-тен астам елінде дамып, спорттың болашағына ортақ көзқараспен қарайтын спортшыларды, клубтарды, технологиялық серіктестерді және спорттық ұйымдарды біріктіріп отыр. «Астана турнирді өткізу үшін ең қолайлы орын болып табылады. Қазақстан инновацияларға, технологияларға, жастарды дамытуға және халықаралық ынтымақтастыққа инвестиция салуға нақты ұмтылысын көрсетіп отыр. Алдағы 12 күн ішінде әлемнің ең мықты спортшылары сегіз дисциплина бойынша бақ сынайды. Біз Астанада әлемнің түкпір-түкпірінен келген өкілдердің басын қосып, сонымен қатар Қазақстанды кең халықаралық аудиторияға таныстыру мүмкіндігін мақтан тұтамыз», - деді спикер.
Қазақстандық спортшылар дайындығы
Ал Қазақстанда фиджитал-спорттың дамуы туралы айта келе, «Қазспортинвест» АҚ президенті Әлібек Хасенов қазақстандық спортшылар «Болашақ ойындары – 2026» турнирінде бірқатар дисциплиналарда жақсы нәтиже көрсете алатынын айтты. «Осыған дейінгі «Болашақ ойындарында» өнер көрсеткен командаларымыз жақсы нәтижелерге қол жеткізді. Мәселен, фиджитал-шутер дисциплинасында екі рет қатарынан бірінші орын алды. Биыл да осы жетістікті қайталап, негізгі үмітті Counter-Strike 2 дисциплинасына артып отырмыз», – деді спикер ОКҚ алаңындағы баспасөз конференциясында. Фиджитал футбол дисциплинасында да жақсы мүмкіндіктер бар.
