Бұрынғы әйелін қаралаған блогер Нұрсұлтан Жақсыгенге сот үкімі шықты. Қылмыстық іс Қарасай аудандық сотында қаралды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Блогерге тағылған айып — Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағы «Масс-медианы, телекоммуникация желілерін және онлайн-платформаларды пайдалана отырып көрінеу жалған ақпарат тарату».
Блогер 2024 жылы сәуірде арада ортақ екі баласы бар әйелімен ажырасқан. Алайда бұрынғы әйелі блогер күйеуінің өзін қаралап, жалған ақпарат таратып жүргеніне шағымданған.
«Жәбірленушінің құқықтары мен заңды мүдделеріне елеулі зиян келтірген көрінеу жалған ақпаратты таратылғаны туралы факті дәлелденген. Сот Ж.-ны Қылмыстық кодекстің 274-бабы 2-бөлігінің 3) тармағында көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, оған 2 жыл 3 ай мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындады», — дейді Алматы облысының соты.
Нұрсұлтан Жақсыген жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіз мекемелерінде өтейді.
«Сонымен қатар Қылмыстық Кодекстің 50-бабының үшінші бөлігі негізінде сотталушы 5 жыл мерзімге бұқаралық ақпарат құралдарында, онлайн-платформаларда, әлеуметтік желілерде және өзге де телекоммуникация желілерінде көпшілікке арналған ақпаратты дайындауға, орналастыруға және таратуға байланысты журналистік, блогерлік және өзге де жария ақпараттық қызметпен айналысу құқығынан айырылды», — дейді сотта.
Сот сотталушыдан жәбірленушінің пайдасына моральдық зиян үшін 5 000 000 теңге өндірді.
Үкім заңды күшіне енген жоқ.
