Астанада блогер Ерболат Жанәбілов тұрмыстық жанжалдан соң қамауға алынды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
30 қыркүйекте желіде тараған видео полиция назарына түскен. Онда блогер Эльмира Төлегенова күйеуімен жанжалдасқанын баяндаған. Видеода ол қолының қызарып тұрғанын көрсеткен.
Оқиға орнына барған тәртіп сақшылары ерлі-зайыптының арасында отбасылық жанжал болғанын анықтаған. Жұбайы ресми арыз түсіруден бас тартқанымен, полиция Жанәбіловке әкімшілік хаттама толтырды. Ол уақытша ұстау бөлмесіне қамалды.
Сондай-ақ блогердің бұған дейін, 28 тамызда пробациялық бақылау талаптарын бұзып, сағат 22:00-ден кейін үйінде болмағаны анықталған. Аталған заңбұзушылық бойынша да материалдар сот қарауына жіберілді.
