Баскетбол клубы «Астананың» қызметін тоқтату туралы ақпаратты Қазақстан Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті түсіндірді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Комитеттің мәліметінше, соңғы жылдары клубтың халықаралық аренадағы нәтижелері қойылған міндеттер мен күтулерге сәйкес келмеді.

Өткен маусымның қорытындысы бойынша БК «Астана» Единая лига ВТБ-да соңғы, 12-орынды иеленді, 44 матчта тек екі жеңіске жетті. Жеңіліс пайызы 95%-дан асты, бұл клубтың Лигадағы бүкіл тарихындағы ең нашар нәтиже болды. Сонымен қатар, сегіз жыл бойы команда осы турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады.

Ішкі аренада да баскетбол клубы «Астана» қойылған мақсаттарға жете алмады, Қазақстан Кубогы үшін күресте ұтылып, Ұлттық лигада чемпиондық атаққа ие бола алмады.

«Өткен жылы спортты қаржыландыру тиімділігін арттыруды көздейтін Заң қабылданды. Оның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды басым дамытуға, спорт резервін қалыптастыруға, сондай-ақ бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған. Қалыптасқан жағдайда отандық баскетболды дамыту тәсілдерін қайта қарау мүмкіндігі қарастырылуда. Басымдық жастар командасын дамытуға, спорт резервін дайындауға және балалар-жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі», — деп атап өтті ұйымда.

Бұған дейін астаналық команда мен Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншылары ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа және спорт министріне бейнеүндеу жазған болатын.

Спортшылар негізгі құрамның таратылуы оларды жұмыстан айыратынын және көпшілігін кәсіби мансабын аяқтауға мәжбүр ететінін атап өтті.

Ойыншылар клубқа кем дегенде Қазақстан чемпионатына қатысу үшін қаржыландыруды сақтауды сұрады.

«Бізге кәсіби деңгейде өнер көрсету мүмкіндігін бере алатын басқа командалардың болмауына байланысты, бізге мансабымызды жалғастыратын жер жоқ. Бұл шешімнің қабылдануы 12 кәсіби баскетболшыны мансабын аяқтауға мәжбүр етеді, ал Қазақстан ұлттық құрамасы көп жылдар бойы халықаралық аренада еліміздің намысын қорғап келе жатқан ойыншылардан айырылады.

Егер ПБК «Астана» Қазақстан чемпионатына қатысуды сақтап қалса, бізде елімізде баскетболды дамытуды жалғастыруға, өз клубтарымыз бен ұлттық құраманың намысын қорғауға мүмкіндік қалады.

«Астана» негізгі командасының жойылуы бүкіл қазақстандық баскетболға ауыр соққы болады. Бұл жас ойыншылардың дамуына қауіп төндіреді, ұлттық чемпионатты әлсіретеді, ұлттық құрамаға ойыншылар дайындау жүйесін бұзады және біздің спорт түрінің болашағына елеулі зиян келтіреді.

Сондай-ақ, біз барлық жанкүйерлерімізге осы қиын жағдайда бізді қолдап, қоғам назарын осы мәселеге аударуға көмектесуін сұраймыз. Сіздердің қолдауларыңыз бүгін ерекше маңызды», — делінген ойыншылар үндеуінде.