Танымал саясаттанушы Дулат Бәкішев тарихтағы түрлі империялардың артта қалдырған мұрасына талдау жасап, Орта Азия халықтары үшін заң үстемдігі мен мықты институттар құрудың маңызын түсіндірді, деп хабарлайды Qazaqyia ақпарат агенттігі.
Саясаттанушы ғалым Дулат Бәкішев империализмді жаман жүйе деп атағанымен, тарихтағы түрлі империялардың өздерінен кейін қалдырған мұрасы да әртүрлі екенін айтады. Ол өз пікірінде Испан және Британ империяларының ерекшеліктеріне тоқталып, Орта Азиядағы жағдайға қатысты ойын білдірді.
Сарапшының айтуынша, Испан империясы барған жерінен тек алтын мен күміс сияқты қазба байлықты тасыған. Олардың билігі қатаң тәртіпке негізделген.
««Мадрид кеткенде артында дін мен тілден басқа көп ештеңе қалдырмады», — дейді Бәкішев.»
—
Ал Британ империясының мұрасы мүлде басқаша болған. Саясаттанушы олардың да басқа халыққа жақсылық ойламағанын, бірақ өз мүддесі үшін барған жерінде әділ заң мен сот жүйесін енгізіп, сауда мен өнеркәсіптің дамуына жағдай жасағанын атап өтеді.
««Әрине, жергілікті халықтың жағдайы ауыр, зардабы шаш-етектен болды. Десе де, мысалы, кезінде 13 колония болған жерлер қазіргі АҚШ-қа айналды. Дін мен тілі қатар жүрді, әрине. Бірақ заңға негізделген жүйенің құндылығы басқа. Өміршең», — деп жазады сарапшы.»
—
Дулат Бәкішев бұл мысалдар арқылы Орта Азия аймағындағы ахуалға ойысады. Оның пікірінше, біздің өңірге мұра болып сауда, өнеркәсіп, әділ заң мен сот жүйесі қалмаған.
««Білім де сапасыздау болды. Империяның өзінде болмағасын… Бұларды, яғни осындай жүйе мен институттарды, болашақта біздің халықтар өз басы, өз қолы, өз жүрегімен құратын болады», — деп қорытындылады саясаттанушы.»
—
Фото: Әлеуметтік желіден
