Қорғаныс министрлігі әскерге көктемгі шақыру науқанының нәтижесін жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биыл көктемде 18 бен 27 жас аралығындағы 21 мыңнан астам азамат әскерге шақырылды. Олардың ішінде Қарулы күштер қатарына 11 мыңнан астамы, Ұлттық ұланға 7 мыңнан астамы, Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Шекара қызметіне 2 мыңға жуығы, Төтенше жағдайлар министрлігіне 400 адам, Мемлекеттік күзет қызметіне 300 азамат қабылданды.

Әскери қызметке шақыру туралы хабарламалар азаматтарға SMS-хабарлама және eGov порталындағы жеке кабинет арқылы жолданды. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру және одан босату рәсімдері автоматты түрде іске асырылды.

Бүгінде Қарулы күштер қатарындағы қызмет жас азаматтарға еңбек нарығында сұранысқа ие жұмысшы мамандығын меңгеруге мүмкіндік береді. Әскери қызмет кезінде кредиттік демалыс қарастырылған. Жауынгерлік даярлықта үздік нәтиже көрсеткендер жоғары оқу орындарына мемлекеттік білім гранты негізінде түсе алады, ал қалғандары ҰБТ-сыз ақылы бөлімге құжат тапсыра алады.