Ауыл шаруашылығы министрлігі биыл жоғары сапалы бидай жинаған өңірлерді атады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қазіргі уақытта егіс алқаптарының 96%-ы орылды. Орташа өнімділік гектарына 15,2 центнерді құрады. Ал Солтүстік Қазақстан облысында әр гектардан 17 центнер өнім алынған.
Вице-министр Азат Сұлтанов үкіметтің бүгінгі отырысында биыл астық сапасының жоғары екенін айтты. «Биыл астық сапасының жоғары екені байқалады. Элеваторларға жеткізілген бидайдың 72,4%-дан астамы үшінші сыныпқа жатады. Сонымен қатар оның 47%-дан астамында дән маңызының мөлшері 28%-дан асады», – деді ол.
Оның айтуынша, кейбір өңірлерде бидайдың сапалық көрсеткіштері айтарлықтай жоғары. «Мысалы, Ақмола облысында үшінші сыныпты бидайдың үлесі 90%-ға, ал Hi-Pro санатындағы бидайдың үлесі 70%-ға жетеді», – деп атап өтті Сұлтанов.
Қазірдің өзінде экспортқа шығарылған бидай көлемі 1,1 млн тоннаға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 13%-ға артық.
