Биыл білім беру гранттарын тағайындау конкурсына қатысу үшін 127 мыңға жуық талапкер өтініш берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, бұл өткен жылмен салыстырғанда 14 мыңға артық. Былтыр конкурсқа қатысу үшін 113 мың өтініш қабылданған болатын.
Министрлік биыл бакалавриатқа түсу үшін 75 мыңнан астам грант бөлінгенін еске салды. Гранттардың 60%-і инженерлік бағыттағы мамандықтарға, 20% – педагогикалық мамандықтарға, 20% – басқа салаларға еңбек нарығындағы қажеттілікті ескере отырып берілді.
Соңғы бірнеше жыл бойы ең сұранысқа ие бағыттар бойынша талапкерлердің таңдауы өзгеріссіз қалып отыр. Өтініштердің көпшілігі "Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары", "Педагогикалық ғылымдар" және "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар" сияқты бағыттарға берілді.
Грант иегерлерінің тізімі 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау 25 тамызда аяқталады.
