Жыл басынан бері ішкі істер органдары адам саудасына байланысты 72 қылмысты анықтады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінде адам саудасына қарсы іс-қимыл мәселелері жөніндегі ведомствоаралық комиссияның отырысында айтылғандай, мәжбүрлі еңбекке тарту, қайыршылыққа мәжбүрлеу, сексуалдық қанау және адам ағзаларын заңсыз алу секілді дәстүрлі түрлерімен қатар, азаматтарды кибералаяқтыққа және өзге де қылмыстық әрекеттерге тартуға негізделген адам саудасының жаңа түрлері де кеңінен таралып жатыр.
Министрліктің мәліметінше, көмек көрсету үшін адам саудасының 15 құрбаны әлеуметтік қызметтерге жолданды. Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар адам саудасын анықтау тетіктерін жетілдіру және халықтың хабардарлық деңгейін арттыруды қоса алғанда, алдағы жұмыстың басым бағыттарын айқындады.
