Степногорск қаласындағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға қаражат бөлінді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бас прокуратураның мәліметінше, бөлінген қаражат қаладағы қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға бағытталады. Оның ішінде Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекеме де бар.

Мәселен, Қуандық Бишімбаев жазасын өтеп жатқан №5 мекемеде қадағалау органы заманауи бейнедомофонды бақылау жүйесін енгізді. Егер сотталған адамға сыртқа шығу қажет болса, ол шақыру түймесін басады.

Кезекші бөлімнің қызметкері бейнебайланыс арқылы оны сәйкестендіріп, шығу мақсатын нақтылайды. Тек растаудан кейін ғана есік ашылады, ал адам өткен соң есік автоматты түрде жабылады.

"Бұл жүйе сотталғандардың бақылаусыз жүруіне жол бермеуге, өткізу режимін күшейтуге және қызметкерлер мен нысанның қауіпсіздік деңгейін арттыруға мүмкіндік береді", - деп хабарлады Бас прокуратура өкілдері.

Еске сала кетейік, Қуандық Бишімбаев азаматтық некедегі әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген айыппен 24 жылға бас бостандығынан айырылды. Экс-министр Қуандық Бишімбаев Ақмола облысы Степногорск қаласындағы ҚАЖД №5 мекемесінде жазасын өтеп жатыр.

Бұл туралы Нүкеновтер отбасының қорғаушысы болған Жанна Оразбақоваға Қылмыстық атқару жүйесі комитетінен берілген жауапта айтылған.