Қаржы аналитигі Андрей Чеботарев бірыңғай QR-код жобасын қазіргі күйінде «өлі туған» деп бағалады. Оның пікірінше, басты себептердің бірі – жоғары комиссиялар, олар жүйенің кең таралуына жеткілікті ынталандыру бермеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Неге екені белгісіз, Ұлттық банк өте жоғары комиссия белгіледі, бұл оны «өлі туған жобаға» айналдырды», – деді Чеботарев.
Аналитиктің айтуынша, бастапқы идея дүкендерді әртүрлі банктердің терминалдарын орнату қажеттілігінен арылту болатын. Алайда, сарапшының пікірінше, іс жүзінде бұл орындалмады.
«Дүкендерде сол терминалдар қалды», – деп атап өтті ол.
Чеботаревтің пайымдауынша, кәсіпкерлерге бүгінде жеке банктердің терминалдарынан бас тартып, тек бірыңғай QR-кодқа көшу тиімсіз. Сатып алушылар үшін де жағдай ұқсас, өйткені басқа банктер арқылы төлегенде олар әдеттегі кешбэктер мен бонустардан айырылады.
Дәл осы себепті, аналитиктің ойынша, бизнес те, тұтынушылар да жаңа жүйеге толық көшуге мүдделі емес.
Бірыңғай QR-кодтың банк акцияларына ықтимал әсері туралы сұраққа Чеботарев мұндай өзгерістер олардың нарықтық құнын айтарлықтай өзгерте алмайтынын айтты.
«Бұл жүйе сәтті болса да, банктердің капитализациясына әсер етпейді», – деп атап көрсетті сарапшы.
Бұған дейін Ұлттық банк төрағасының орынбасары Бинұр Жәленов бірыңғай QR-код іске қосылғаннан кейін кәсіпкерлердің өздері қанша төлем терминалын қалдыру керектігін шешетінін мәлімдеген еді.
