10 шілдеде еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында бес орман өрті тіркелді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Экология министрлігінің мәліметінше, өрттер Қостанай және Павлодар облыстарында, сондай-ақ Катон-Қарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, «Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерватында және «Жасыл Аймақ» республикалық мемлекеттік кәсіпорнында болған.

Алдын ала мәлімет бойынша, өрт ошақтары «Қазавиаорманқорғау» РМҚК-ның әуе патрульдеу қызметі мен ерте анықтау жүйелері арқылы анықталған. Осыдан кейін орман күзеті мен әуе өрт сөндіру десанттары жедел түрде оқшаулау жұмыстарына кіріскен. Өртті сөндіруге арнайы техника мен тікұшақтар жұмылдырылды.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде барлық өрт ошағы айналаға таралмай, қысқа мерзімде толық сөндірілді. Министрлік алдағы күндері еліміздің бірқатар өңірінде аптап ыстық күтілетінін ескертіп, өрт қаупі жоғары кезеңде табиғат аясында демалушыларды өрт қауіпсіздігі талаптарын қатаң сақтауға шақырды.