26 маусымда еліміздің мемлекеттік орман қоры аумағында 13 орман өрті тіркелді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметінше, өрт төрт өңірдегі орман алқаптарында болған:
- 01Ақмола облысы — 1 өрт;
- 02Шығыс Қазақстан облысы — 1 өрт;
- 03«Семей орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты — 9 өрт;
- 04«Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты — 2 өрт.
Өрт ошақтарының барлығы орман күзеті мен «Қазавиаорманқорғау» РМК-ның бірлескен күш-жігерінің арқасында дер кезінде анықталып, жедел оқшауланған.
Министрлік «Семей орманы» және «Ертіс орманы» резерваттарының аумағында найзағайлы фронттардың өткенін еске салды. Осы жағдайға байланысты орман күзеті күшейтілген дайындық режимінде жұмыс істеп жатыр.
Министрлік өрт қауіпті кезеңде өңір тұрғындарын қауіпсіздік қағидаларын сақтауға және табиғатқа ұқыпты қарауға шақырады.
