Binance криптобиржасына жасалған хакерлік шабуыл Қазақстанның криптоқор активтеріне әсер еткен жоқ. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ұлттық банк әлемдегі ең ірі криптобиржалардың бірі Binance платформасына жасалған кибершабуылға қатысты түсініктеме берді. Реттеуші орган Sputnik Қазақстанға былай деп мәлімдеді: «Аталған жағдай криптоқор активтеріне әсер еткен жоқ».
Ұлттық банк цифрлық активтер нарығына тұрақты түрде мониторинг жүргізіп, олардың сақталуы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті шараларды қабылдап отырғанын атап өтті.
Еске салайық, жұмаға қараған түні Binance негізін қалаушы Чанпэн Чжао платформаның бұзылғанын хабарлаған болатын. Соған қарамастан, ол пайдаланушылардың қаражаты қауіпсіз екенін мәлімдеді. Осы оқиғадан кейін криптобиржа ақша енгізу және шығару операцияларын уақытша тоқтатты.
