Оқу-ағарту министрлігі 1 қыркүйек – Білім күні ұстаздарға гүл шоғын сыйлауға қатысты мәлімдеме жасады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрліктегілердің айтуынша, 1 қыркүйекте ұстазға гүл сыйлау жақсы дәстүр. Алайда ол міндетке, жарысқа немесе артық шығынға айналмауы тиіс. Ең бастысы гүлдің көлемі немесе бағасы емес, баланың ұстазына деген құрметі.
Ведомство гүл сыйлау әр бала мен ата-ананың ерікті таңдауы болуы керек екенін ескертті. Ресми хабарламада білім беру ұйымдары гүл немесе сыйлық сатып алуға бастамашылық жасамауы, ақша жинауды ұйымдастырмауы және мұны ата-аналарға міндеттемеуі тиіс деп жазылған.
Министрлік басты мақсат мектептегі алғашқы күнді даңғазасыз, жылы әрі тәрбиелік мәнде өткізу, балаларды ұстазды құрметтеуге, қарапайымдылық пен ізгілікке тәрбиелеу екенін еске салды.
