Қазақстан президентінің атынан шахматшы Бибісара Асаубаеваға мемлекеттік награда табысталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекеттік награданы премьер-министрінің орынбасары – мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева тапсырды. Гроссмейстер II дәрежелі «Барыс» орденімен марапатталды.
«Аида Балаева Бибісара Асаубаеваның отандық шахмат спортының дамуына, зияткерлік ойындарды жастар арасында кеңінен насихаттауға және Қазақстанның халықаралық аренадағы беделін арттыруға қосқан елеулі үлесін айтты», - деп жазылған хабарламада.
Айта етері, Бибісара Асаубаева блицтен үш мәрте әлем чемпионы атанып, осы бәсекеде жеңіске жеткен ең жас шахматшы ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енді. Сондай-ақ жуырда Норвегияда өткен беделді Norway Chess супертурнирінде топ жарып, тағы бір жарқын жеңісіне қол жеткізді.
«Барыс» ордені мемлекеттілікті нығайтуға, қоғамдық, әлеуметтік-мәдени қызметке сіңірген ерекше еңбегі, сондай-ақ халықтар арасындағы ынтымақтастықты және мемлекеттер арасындағы достық қатынастарды дамытуға қосқан үлесі үшін беріледі.
