Қазақстандық шахматшы Бибисара Асаубаева мансабында алғаш рет әлемнің үздік бес шахматшысының қатарына енді. Халықаралық шахмат федерациясының (FIDE) жаңартылған шілде айындағы рейтингінде ол бесінші орынға ие болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

22 жастағы қазақстандық гроссмейстер 2538 рейтингтік ұпай жинап, алдыңғы рейтингпен салыстырғанда өз позициясын екі сатыға жақсартты. Сонымен қатар, Асаубаева әлемдік рейтингтің үздік бестігіне енген ең жас шахматшы атанды.

Рейтингті қытайлық Хоу Ифань бастап тұр. Үздік бестікке оның отандастары Чжу Цзиньэр, Лэй Тинцзе және қазіргі әлем чемпионы Цзюй Вэньцзюнь де кіреді.

Рейтингтегі жоғары орын қазақстандық шахматшы үшін сәтті маусымның жалғасы болды. Маусым айында Асаубаева Norway Chess Women 2026 беделді турнирінде жеңіске жетіп, FIDE 2026–2027 әйелдер циклінің жалпы есебінде көш бастады. Бұл оның келесі претенденттер турниріне жолдама алу жолындағы позициясын нығайтты.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Бибисара Асаубаеваны отандық спортты дамытуға қосқан үлесі және халықаралық аренадағы жоғары жетістіктері үшін «Барыс» орденінің II дәрежесімен марапаттаған болатын.