Павлодар мұнай-химия зауытында өндірілетін АИ-95 және АИ-98 бензиндерінің сапасы тәуелсіз зертханада тексеріліп, тиісті стандарттарға сәйкестігі расталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
2026 жылғы 25 тамызда автомобиль бензинінің арбитражды сынамалары SGS Kazakhstan тәуелсіз зертханасында талданды. Зерттеу нәтижесінде бензин сапасының МЕМСТ 32513 талаптарына сәйкес келетіні анықталды.
Зауыттың мәліметінше, АИ-95 және АИ-98 маркалы бензин Кеден одағының КО ТР 013/2011 техникалық регламенті мен МЕМСТ 32513-2013 стандартының талаптарына сай келеді.
Айта кетері, арбитражды сынама әрбір жөнелтілетін мұнай өнімінің партиясынан алынады. Сынамалар пломбаланып, арнайы қоймада 45 тәулік сақталады. Олар мұнай өнімінің сапасына қатысты дау туындаған жағдайда қайта тексеру үшін пайдаланылады.
Еске сала кетейік, бұған дейін жүргізушілер жанармай құйғаннан кейін көліктерінде ақаулар пайда болғанын айтып, шағымданған болатын.
