Бельгиялық компаниялар соңғы 20 жылда Қазақстан экономикасына 15 млрд доллардан астам инвестиция салды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұл туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бельгия іскерлік кеңесінің төртінші отырысында мәлімдеді. Президенттің айтуынша, Бельгия Қазақстанның ірі он инвесторының қатарына кіреді.
«Қазір елде агроөнеркәсіп, медицина, фармацевтика, энергетика және технология салаларында 100-ден астам бельгиялық және бірлескен кәсіпорын жұмыс істейді. Биылғы сегіз айда екі ел арасындағы тауар айналымы шамамен 10%-ға өскен», — деді Тоқаев.
Мемлекет басшысы Қазақстанның Еуропа өнеркәсібіне қажетті 34 түрлі шикізаттың 21-ін өндіретінін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның табиғи ресурстары мен Бельгияның технологиялық мүмкіндіктерін ұштастыру стратегиялық серіктестікті дамытуға жол ашады.
Президент бельгиялық компанияларды геологиялық барлау, шикізат пен металл өңдеу салаларындағы бірлескен жобаларға қатысуға шақырды. Сондай-ақ мемлекет басшысы Қазақстан мен Бельгия арасындағы көлік-логистика байланысын нығайтуға назар аударды.
Атап айтқанда, Антверпен-Брюгге порт кешені мен Ақтау және Құрық порттары арасында серіктестік орнату мүмкіндігін тілге тиек етті. Бұл қазақстандық металл, мұнай-химия және ауыл шаруашылығы өнімдерін халықаралық нарықтарға шығаруға көмектеседі.
Президент жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықтың да маңызын атап өтті. Қазақстан AlemAi және Alatau City жобаларын дамытып, Бельгияның жартылай өткізгіштерді зерттеу саласындағы тәжірибесін пайдалануға мүдделі.
Энергетика саласында жаңартылатын энергия көздері, энергия тиімділігі, өнеркәсіпті декарбонизациялау және сутегі өндірісі бағыттарындағы бірлескен жобалар қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар Тоқаев бельгиялық фармацевтикалық компанияларды Қазақстанда өндіріс орындарын ашуға шақырды. Ал Король Филипп Қазақстан мен Бельгияның энергетика, аса маңызды минералдар, көлік-логистика, қаржы және туризм салаларындағы ынтымақтастығын тереңдетуге мүмкіндіктері мол екенін айтты.
