Алматы облысындағы Белбұлақ ауылында алты отбасы баспанасыз қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

28 маусымдағы қатты желдің салдарынан 26 адам әр жерде паналап жүр. Қатты жел қалың өскен ағашты құлатып, ол электр сымын үзіп жіберген. Үзілген сым тұрғын үйдің шатырына құлап, соның салдарынан өрт шыққан.

Өртенген үйдің тұрғыны Кенже Нүсіпова: «Оқиғадан бір күн бұрын әкімдікке барып, ауладағы ағаштарды кесу туралы өтініш жазып кеткенмін. Өйткені бұған дейін сол ағаштардың бірі құлап, моншамның шатырын қиратқан», – деді.

Қазіргі уақытта зардап шеккен отбасыларға көмек көрсету шаралары қарастырылуда.