Беларусь құқық қорғаушысы Алесь Беляцкий 2022 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығын алғанымен, сыйлықтың ақшалай бөлігін әлі күнге дейін ала алмай отыр. Еуропалық банктер оған шот ашпайды, деп хабарлады ол Deutsche Welle (DW) арнасына берген сұхбатында. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
«Ең қызығы, мен әлі ештеңе жұмсаған жоқпын, өйткені әлі шотым жоқ. Бұл ақшаны әзірге ала алмаймын, себебі менде шот жоқ. Барлық беларусь эмигранттары сияқты, мен де дәл осындай қиындықтарға тап болып отырмын», – деді Беляцкий.
Құқық қорғаушы банктік шотты неге аша алмайтынын нақтылаған жоқ. SOTA Telegram-арнасы ықтимал себептер ретінде санкциялық шектеулерді немесе құжаттарға қатысты мәселелерді атайды. Атап айтқанда, шетелде тұратын беларустар енді консулдықтарда төлқұжаттарын ұзарта алмайды – ол үшін олар Беларуське оралуы керек.
2022 жылы Нобель бейбітшілік сыйлығын үш құқық қорғау ұйымы бөлісті: беларусьтік «Вясна» орталығы, украиналық «Азаматтық бостандықтар орталығы» және ресейлік «Мемориал». Олардың әрқайсысы шамамен 330 мың еуро алды.
Беляцкий өз үлесінің бір бөлігін адам құқықтары бұзылып жатқан Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның жастарын қолдауға жұмсауды жоспарлап отыр. Қалған ақшаны жеке қажеттіліктеріне пайдаланбақ.
Қазір құқық қорғаушы әйелімен бірге Ослода тұрады. Сыйлықты оның орнына әйелі алған, өйткені Беляцкий сол кезде қамауда болған. Жұбайы Норвегияда қалды, себебі Беларуське оралу ол үшін қауіпті болды.
Беляцкий сондай-ақ уақыт өте келе «Вясна» ұйымының басшысы қызметінен кетіп, өзінің қорын дамытумен айналысуды жоспарлап отырғанын айтты.
