Премьер-министр Олжас Бектенов жылыту маусымына дайындық барысы жөнінде кеңес өткізді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Жиында үкімет басшысы жылыту маусымы уақтылы басталмаған өңір әкімдері үшін жеке жауапкершілік қарастырылғанын айтты.

«Қазіргі таңда қысқа дайындық ең өзекті мәселе. Бірақ бүгінгі күнге дейін жылу жүйелерін дайындау жұмыстары әлі де толық көлемде аяқталған жоқ. Сондықтан әкімдіктерге осы бағытта белсенді жұмыс жүргізуді тапсырамын. Жылыту маусымы уақыты басталмаған жағдайда әкімдер жеке жауапкершілігі қарастырылады», — деді премьер-министр.

Бектенов Энергетика министрлігіне «Қазақстан темір жол» компаниясымен бірлесіп, энергетика нысандары мен халыққа көмір мен мазутты уақытылы жеткізу бойынша шаралар қабылдауын тапсырды.

Үкімет басшысы бұл бағытта қаржыландыру көлемі едәуір ұлғайтылғанын еске салып, енді тек белсенді жұмыс жасап, жағдайды мұқият бақылауда ұстау қажеттілігін айтты.