Премьер-министр Олжас Бектенов Astana Mining & Metallurgy 2026 конгресін ашты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Биылғы форумға әлемнің 16 елінен 1,5 мыңнан астам делегат келді. Ал пленарлық сессия кезінде конференц-зал адамға лық толды.
Бектенов алдымен Қазақстан экономикасының 6,5%-ға өскенін, ал жалпы ішкі өнім көлемі алғаш рет 300 миллиард доллардан асқанын ерекше атап өтті.
Одан кейін шетелдік делегаттарға жаңа Конституцияның инвестицияларды қалай қорғайтынын айтып берді.
«Еліміздің жаңа Конституциясы осы бағыттың институционалдық негіздерін бекітеді. Ол меншік құқығы мен инвестицияларды қорғау кепілдіктерін күшейтеді, заң үстемдігі қағидаттарын нығайтады және елдің ұзақ мерзімді экономикалық дамуы үшін берік негіз қалыптастырады», - деді Бектенов.
Оның айтуынша, бұл мәселе тау-кен металлургиясын одан әрі дамыту үшін айрықша маңызға ие.
«Жер қойнауын пайдалану, металлургия және терең өңдеу салаларындағы ірі жобаларды жүзеге асыру қомақты инвестиция мен ұзақмерзімді инвестициялық циклдерді талап етеді. Сондықтан институттардың орнықтылығы, реттеудің болжамдылығы және бизнес тарапынан сенімнің жоғары деңгейі саланың тұрақты дамуын қамтамасыз ететін негізгі шарттардың біріне айналуда»,— деді премьер.
Ал цифрлық экономика, жасанды интеллект, электр көліктері, микроэлектроника және аэроғарыш салаларының даму қарқынын ескерсек, металдарға деген әлемдік сұраныс арта береді. Оны халықаралық сарапшылар да растап отыр.
Бұдан бөлек, аккумуляторлар, жартылай өткізгіштер, энергия сақтау жүйелері, цифрлық инфрақұрылым және басқа да көптеген бірегей технологиялар өндірісіне стратегиялық маңызы бар минералдар қажет.
«Қазақстан елеулі минералдық-шикізаттық әлеуетке ие және осы үдерістерде лайықты орын ала алады. Еліміз пайдалы қазбалардың бірқатар түрлері бойынша әлемдік көшбасшылар қатарына кіреді, ал отандық тау-кен металлургия кешенінің өнімдері әлемнің ірі нарықтарында жоғары сұранысқа ие», - дейді Бектенов.
