Премьер-министр Олжас Бектенов туризм саласында қызмет сапасын арттыруға тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бүгінде туристік маусым қызған уақытта орын тапшылығы қатты байқалады. Соның салдарынан адамдар арнайы жабдықталмаған демалыс орындарын пайдалануға мәжбүр. Өңір әкімдіктері шұғыл түрде шатырлар мен автоүйлерде кемпингтік демалысқа арналған тұрақтардың немесе алаңдардың тиісті инфрақұрылымын қамтамасыз етуі қажет, деді Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында.
Осы орайда премьер туризм саласы қарқынды дамыған елдердің тәжірибесін де еске салды. Ол жақта демалыс сапасы көбіне жайлы қонақ үйлермен немесе әралуан туристік бағыттармен, экскурсиялық бағдарламалармен ғана емес, келушілерге күнделікті қызмет көрсететін мамандардың кәсіби деңгейімен де айқындалады. Бұл жергілікті тұрғындардың қонақжайлық қасиетіне де тікелей байланысты, деді премьер.
Туризм министрлігі, әкімдіктер мен туристік компаниялар қызмет сапасын арттыруға баса назар аударуы қажет. Дәл осы қызмет көрсету сапасы туристік саланың тартымдылығына және еліміздің беделіне тікелей әсер етеді, деді Бектенов.
