Премьер-министр Олжас Бектенов «СК-Фармация» басшылығын адал жұмыс істеуге үндеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Үкіметтің бүгінгі отырысында дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету мәселесі қаралды. Жиында «СК-Фармация» ЖШС басшысы Нұрлыбек Асылбеков те есеп берді.
Оның баяндамасынан кейін премьер адал жұмыс істеу қажеттігін ерекше атап өтті.
«Ең бастысы, адал жұмыс істеу қажет, ешқандай қаражаттың жымқырылуына жол беруге болмайды. Адал жұмыс істесек, нәтиже де болады», — деді Бектенов.
Айта кетері, бұған дейін «СК-Фармацияның» жұмысына қатысты сын көп айтылды. Басшылық қылмыстық жауапқа да тартылған.
Ал 2025 жылғы аудиттен кейін «СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған болатын.
