Шолпан-Ата қаласында Қазақстан премьер-министрі Олжас Бектеновтің төрағалығымен Еуразиялық үкіметаралық кеңестің шағын құрамдағы отырысы өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Отырысқа ЕАЭО-ға мүше мемлекеттердің басшылары қатысты. Олар аймақтың макроэкономикалық тұрақтылығын сақтау, экономикалық әлеуетін арттыру, халықтың өмір сүру сапасын жақсарту, өзара сауданы дамыту және Бірлестік елдері нарығындағы кедергілерді жою міндеттерін талқылады.
Олжас Бектенов Қазақстанның ЕАЭО органдарына төрағалық етуі аясында жасанды интеллектіні дамыту, логистикалық хабтар құру, өнеркәсіп пен агроөнеркәсіп кешенін цифрландыру, кедергісіз сауданы қамтамасыз ету және сыртқы серіктестермен жаһандық диалог құру бағытын қолдайтынын атап өтті.
«Бүгінгі отырыс қорытындысы бойынша қол жеткізілген уағдаластықтар ЕАЭО шеңберінде алға қойылған мақсаттарды жүзеге асыруға және өзара тиімді ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға елеулі үлес қосатынына сенімдімін», — деді Бектенов.
Шағын құрамдағы отырыста мүше мемлекеттердің азық-түлікпен қамтамасыз етілуі және ЕАЭО-ның негізгі сауда әріптестерімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері қаралды. Қатысушылар ЕАЭО мемлекеттері тауарларының жаңа нарықтарға шығуы үшін қолайлы жағдайлар жасау жөнінде пікір алмасты.
