Премьер-министр Олжас Бектенов қай салада табыстың өскенін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Былтыр Қазақстанда инфляция деңгейі күрт өскен. Соның салдарынан халықтың нақты табысы төмендеп кетті. Бірақ әрбір сала бойынша талдауды қарайтын болсақ, бірқатар салада халықтың табысы өскен. Мысалы, ауыл шаруашылығында нақты табыстың көлемі 9,3 процентке артты. Сол сияқты сауда, байланыс, сумен қамтамасыз ету, энергетика сияқты салаларда орташа есеппен 4 процентке, ал көлік саласында бағытына қарай 5-10 процентке өсті, - деді Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Биыл үкімет барлық салада халықтың нақты табысын арттыруға күш салады. Бүгінде бірлескен жоспарлар бар. Сонымен қатар үкімет басшысы қымбатшылық қашан бәсеңдейтінін де айтты. Бүгінде инфляция деңгейі 2 процентке төмендеп отыр. Былтыр біз жоғары инфляциялық қысымға тап болдық, қыркүйек айында 12,9 процентке дейін жеткен. Бүгінде қолға алынған шаралардың нәтижесінде 10,4 процентке дейін төмендеп отыр. Біздің есебімізге сәйкес, жақын арада инфляция деңгейі 10 проценттен төмен түседі, - деді Бектенов парламент палаталарының бірлескен отырысында.

Айта кетері, жақында ұлттық банк базалық мөлшерлемені төмендетуге шешім қабылдаған болатын. Негізгі себеп - инфляцияның баяулауы.