Премьер-министр Олжас Бектенов түнгі уақытта қатты шу шығаратын көлік иелеріне қатысты қатаң шара қолдануды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында жол қозғалысына қатысты мәселелер қаралды. Сол кезде Бектенов ішкі істер министрі Ержан Сәденовтен түнгі уақытта қатты дыбыс шығаратын көліктерге қатысты қандай шаралар қабылданып жатқанын сұрады.

«Біз қатты шу шығаратын мотоциклдер мен автокөліктер мәселесін сізбен бірнеше рет талқыладық. Оларға қатысты өте қатаң шаралар қабылдау қажет. Әйтпесе, түн ортасында адамдардың мазасын алып, ұйқы бермей жатыр. Қандай жұмыстар атқарылып жатыр?» — деді премьер-министр.

Ішкі істер министрі Ержан Сәденовтің айтуынша, жыл басынан бері осындай 372 факт анықталған. Олардың барлығы әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

«55 адам қамаққа алынды, көліктер мен мотоциклдер айып тұрағына қойылды», — деді министр.

Бектенов қатаң шара ретінде қамауға алуды қолдану қажеттігін ерекше атап өтті.

«Айыппұл емес, оларды қамау керек», — деді премьер-министр.