Премьер-министр Олжас Бектенов бай-бағландарға арналған салық мөлшерлемесі бойынша нақты тапсырма берді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің бүгінгі отырысында Бектенов аса ауқатты азаматтарға арналған салық мөлшерлемесіне қатысты нақты ұсыныс енгізуді жүктеді.

«Ұлттық экономика және қаржы министрліктері бір ай мерзімде халықаралық тәжірибені зерделеп, аса ауқатты азаматтарға салық салу тәсілдерін енгізсін», — деді Бектенов.

Бұдан бөлек, жергілікті жерлерде салықтардың жиналуын ұлғайту жөнінде шаралар қабылдануы шарт.

Ал көлеңкелі экономика деңгейін төмендету үшін салық және кедендік әкімшілендіруді, оның ішінде жасанды интеллект құралдарын қолдана отырып, толық цифрландыру жұмысы аяқталуы керек.

Айта кетері, кешегі жолдауда Тоқаев аса ауқатты адамдар үшін салықтың жоғары мөлшерлемесін енгізуді ұсынған болатын. Президенттің айтуынша, оған уақыт келді.