Премьер-министр Олжас Бектенов биыл жиналған астықтың сапасын айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Биылғы маусым егіншілер үшін оңай болған жоқ. Бірқатар өңірде қуаңшылық белең алып, астықтың шығымына қатысты алаңдаушылық туындаған.

«Дегенмен, қабылданған шаралардың арқасында өнімділік орташа деңгейден жоғары болады деп күтіліп отыр. Сақтауға түскен бидайдың 74%-дан астамының желімтегі жақсы, 3-ші сыныпты және одан да жоғары. Заманауи агротехнологияларды қолдану және тыңайтқыштарды уақтылы себу нақты нәтиже беріп отыр», — деді Бектенов үкіметтің бүгінгі отырысында.

Ендігі міндет – егін орағын уақтылы аяқтап, жиналған өнімді сақтап қалу.

«Элеваторлар мен астық қоймаларының, сондай-ақ бидайды кептіруге арналған қуаттардың толық дайындығын қамтамасыз ету қажет. Сондай-ақ астықты ысырап қылмай, сапасын жоғалтып алмау үшін барлық тиісті шараларды қабылдау керек. Күн райы жұмыс қарқынына, өнімнің сапасы мен көлеміне әсер етпеуге тиіс», — деп атап көрсетті премьер.