Премьер-министр Олжас Бектенов әлеуметтік көмекті тек мұқтаж адамдарға беруге арналған жүйені жетілдіруді тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Бұған дейін президент Қасым-Жомарт Тоқаев әлеуметтік көмекті шын мұқтаж адамдарға беру қажеттігін бірнеше рет айтқан. Парламент палаталарының кешегі отырысында да осы мәселеге ерекше назар аударылды.
Премьер-министр үкіметтің бүгінгі отырысында әлеуметтік көмек жүйесін одан әрі жетілдіру бойынша тапсырма берді. «Жалпы, елімізде әлеуметтік көмектің көп деңгейлі және атаулы жүйесі қалыптасқан. Көмек шынымен мұқтаж адамдарға берілуге тиіс. Мемлекеттің барлық базалық әлеуметтік кепілдіктері сақталады. Еңбек министрлігі цифрлық құралдарды пайдалана отырып, жүйелі жұмысты жалғастыруы қажет», – деді Бектенов.
Қазіргі кезде әрбір отбасының цифрлық картасы арқылы әл-ауқатын бағалау әдістемесі бар. Ендігі кезекте eGov Mobile қосымшасында үй шаруашылықтарының цифрлық профильдерін қалыптастыру және банктермен, Қаржы министрлігімен, кредиттік бюролармен интеграциялау жүргізіледі. Соның нәтижесінде отбасылардың нақты табысын, шығысын және қаржылық жағдайын ескеруге мүмкіндік болады.
