Премьер-министр Олжас Бектенов үкімет отырысында жылу беру маусымын уақытында бастамағаны үшін Абай облысы әкімінің орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Үкіметтің мәліметінше, бүгінде жылу 11 өңірде беріле бастады.

«Жылыту маусымы жоспарға сәйкес басталды. Оңтүстік және батыс өңірлерде жылу бекітілген кестеге және ауа райы жағдайына байланысты беріледі. Мен жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін дайындауды тапсырған болатынмын. Бір өңірден басқасының бәрі бұл тапсырманы мерзімінде орындады», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Оның айтуынша, жылу желілері тек Семей қаласында уақытында дайындалмаған.

Осыған байланысты премьер-министр Абай облысы әкімінің аталған салаға жетекшілік ететін орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды.

Бұған дейін Бектенов жылыту маусымы уақтылы басталмаған өңір әкімдері жеке жауап беретінін ескерткен болатын.