Қазақстандық еркін күрес шебері Бекасыл Асамбек (61 кг) жастар арасындағы әлем чемпионатының финалында американдық Аарон Джеймс Сейдельден 0:7 есебімен ұтылып, құрметті екінші орынға табан тіреді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Асамбек жарыс жолында үш қарсыласын бірдей 10:0 есебімен басым түсті. Ол қытайлық Анчао Лу, украиндық Артем Теснохуз және ресейлік Зелимхан Чаниевті тізе бүктірді. Жартылай финалда қазақстандық балуан жапондық Ицуки Йонаширомен күрделі кездесу өткізіп, 3:1 есебімен жеңіске жетті. Финалдық белдесу Асамбек үшін күміс жүлдемен аяқталды.

Сол күні тағы бір қазақстандық спортшы Улдана Тилеухан 68 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде қола медаль жеңіп алды. Ол үшінші орын үшін өткен белдесуде украиндық Александра Рыбакты 4:2 есебімен ұтты.

Ал Асхаб Хаджиев (86 кг) қола медаль үшін күресте жапондық Нацуре Окадзаваға 0:10 есебімен жол берді.

Осы кешке дейін Қазақстанның Братиславадағы жалғыз медалі грек-рим күресінен 67 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Кызыбек Калмагамбетовтің алтыны болатын.

Халықаралық күрес федерациясының (UWW) эгидасымен Словакия астанасында өтіп жатқан әлем біріншілігіне 700 жас спортшы қатысуда. Олар күрестің үш түрінен – грек-рим, еркін және әйелдер күресінен 120 медаль жиынтығын сарапқа салуда.

Қазақстан атынан Братиславада 30 спортшы – 20 жігіт пен 10 қыз бақ сынауда.