Бейжіңде Лянмахэ өзенінің жағалауында Ұлттық домбыра күніне орай Қазақстан мәдениет орталығы ұйымдастырған «Dombyra Party» мәдени акциясы өтті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ашық аспан астында Құрманғазының, Абайдың, Әбдімомын Желдібаевтың шығармалары, сондай-ақ халық күйлері орындалды. Іс-шараға қазақстандық және қытайлық жас домбырашылар, студенттер, қазақ диаспорасының өкілдері, жергілікті тұрғындар қатысты.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, акцияның есте қаларлық сәттерінің бірі домбыра пәнінің оқытушысы Лю Хуэйдің жетекшілігімен өнер көрсеткен қытайлық балалардың орындауы болды. Жас музыканттар қазақ күйлерін орындап, домбыраға және Қазақстанның музыкалық мұрасына деген қызығушылық ел аумағынан тыс жерлерде де артып келе жатқанын көрсетті.
