Қасым-Жомарт Тоқаев «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» және «Бейнеу – Сексеуіл» автокөлік жолдары құрылысының басталуына арналған телекөпірде сөз сөйледі. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Мемлекет басшысы 800 шақырымдық түбегейлі жаңа жолдың құрылысы басталған «Бейнеу – Сексеуіл» бағдарын халықаралық ауқымдағы автожол деп атады. «Осы жол ел аймақтары арасындағы байланысты нығайта отырып, Қытай мен Еуропаны жалғайтын "алтын көпір" ретінде қызмет етеді. Бұл жоба Қытай шекарасындағы өткізу бекеттерін Ақтау, Құрық порттарымен тікелей байланыстырады. Соның нәтижесінде Қытайдан Еуропаға дейін жүк тасымалдау ұзақтығы 1 мың шақырымға, ал жүк жеткізу мерзімі 3 тәулікке дейін қысқарады», – деді президент.
Мемлекет басшысы халқымыздың таным-түсінігінде құдық қазу, көпір салу сауапты іс саналатынын еске салды. Осы тұрғыдан алып қарағанда Қазақстан игілігі баршаға ортақ, яғни өзі де, өзгелер де пайдасын көретін аса жауапты жұмысты бастап отыр, деді Тоқаев.
«Бейнеу – Сексеуіл» бағыты республикалық, аймақтық, құрлықтық деңгейдегі маңызды жол болары анық. Сондықтан бұл жолды «Арал-Каспий магистралі» деп атаған дұрыс, – деді мемлекет басшысы.
Сонымен қатар президент жалпы ұзақтығы 774 шақырымды құрайтын «Қызылорда – Сексеуіл», «Ұлғайсын – Сексеуіл» жолдарын кеңейту, түбегейлі жаңғырту жұмыстары басталғанын мәлімдеді. «Бұл жолдардың құрылысымен отандық компаниялар айналысады. Құрылыс жұмыстарына 10 мыңнан астам жұмысшы тартылады. Жолдар толық салынып біткен соң жүк тасымалы 2,5 есе артып, жылына 13,2 миллион тоннаға жетеді. Бұл жобалар ел экономикасын өркендетуге, туризмді дамытуға тың серпін беріп, халықтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізері сөзсіз», – деді президент.
Мемлекет басшысы бүгін бастау алып жатқан жұмысты уақтылы, яғни 2029 жылдан кешіктірмей аяқтау өте маңызды екенін ескертті.
