Ресейлік «Кино-Геном» кинокомпаниясы Кеңес Одағының батыры Бауыржан Момышұлының рөліне актер таңдау үшін кастинг жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Картина жазушы Александр Бектің «Волоколам тас жолы» повесі негізінде түсіріледі. Үміткерлерге қойылатын талаптар: жасы 25-33 аралығындағы ер адам; азиялық келбет; кино мен сериалдарға түсу тәжірибесі мол кәсіби актер.
«Тарихи тұлға Бауыржан Момышұлына портреттік ұқсастығы болғаны жөн», – делінген компания хабарламасында.
Алғашқы бөлімнің түсірілімі 20-30 қараша аралығында Мәскеу облысында өтеді. Режиссері – Андрей Богатырев.
«Өтінімде аты-жөніңізді, жасыңызды, тұрғылықты қалаңызды, байланыс телефон нөміріңізді көрсетіп, фотосуреттеріңіз бен түсірілім тәжірибеңіз туралы ақпарат қамтылған өзекті портфолионы тіркеңіз. Өтінімді жібермес бұрын талаптармен мұқият танысып шығыңыз. Рөл сипаттамасына сәйкес келетін және тиісті түсірілім тәжірибесі бар кәсіби актерлердің өтінімдері қарастырылады», – деп хабарлады кинокомпания.
Өтінімдер мен актерлік портфолиоларды [email protected] электронды поштасына жіберу қажет. Хат тақырыбында «Бауыржан» деп көрсету керек.
Бауыржан Момышұлы 1910 жылғы 24 желтоқсанда Жамбыл облысында дүниеге келген. Ол 1932 жылғы қарашада әскерге шақырылды. Орта Азия әскери округіндегі 3-Түркістан атқыштар дивизиясының 14-тау-атқыштар полкінде бір жылдық курсты аяқтағаннан кейін взвод командирі болды. 1936 жылы Қиыр Шығыста 105-атқыштар дивизиясының 315-атқыштар полкінде артиллериялық дивизион командирі болып қызмет етті. 1938 жылы Хасан көлі маңында жапондармен болған шайқастарға қатысты.
