Qazaq Kaolin компаниясы биыл 23 сәуірде іске қосылған тау-кен байыту комбинатында 60 мың тонна байытылған каолин өндіруді жоспарлап отыр. Каолин керамикалық бұйымдар, табақ шыны және басқа да өнімдер өндіруге арналған шикізат болып табылады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Qazaq Kaolin екі қазақстандыққа тиесілі: Қыдырғали Байбек және оның серіктесі Бекзат Керімбай. Біріншісі Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Ал Бауыржан Байбек Qazaq Kaolin директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
«Сараптамалық комиссияның ұсынымдары негізінде (09.06.2026 ж. хаттама) берілген өтініш бойынша, Қазақстан Республикасының «Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы» Кодексінің 278-бабын басшылыққа ала отырып, Ақмола облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы «Qazaq Kaolin» ЖШС-мен 2014 жылғы 25 қарашадағы №1119 келісімшартқа Зеренді ауданындағы Алексеевское кен орнында каолин өндіру көлемін түзету бөлігінде өзгерістер енгізу туралы келіссөздерді бастау туралы шешім шығарады: 2026 жылы – 60 000 тонна, 2027 жылы – 200 000 тонна, 2028 жылдан бастап жылына 300 000 тонна», – делінген компанияның жоспарланған қызметі туралы мәлімдемесінде.
Сәуір айында Qazaq Kaolin бас директоры Марат Хасенов комбинаттың өндірістік қуаты жылына 230 мың тонна шикізат және 90 мың тоннаға дейін байытылған каолин екенін хабарлады, бірақ бұл көрсеткіштер қай кезеңге қатысты екенін нақтыламады.
Комбинаттың жабдықтарын техникалық іске қосу 2026 жылғы 23 сәуірде, ал ресми ашылуы 4 шілдеде өтті.
Алексеевское алғашқы каолин кен орны Ақмола облысының Зеренді ауданында, Көкшетаудан солтүстік-солтүстік-батысқа қарай 22 км жерде орналасқан. Кен орны әлемдегі ең ірілердің бірі болып саналады.
Тау-кен бөлу алаңының ауданы 2,05 шаршы км құрайды. Тау-кен байыту комбинаты 2026 жылдан 2032 жылға дейін жұмыс істейтін болады. Болжамды өндіру көлемі 2026 жылы 30 мың текше метр, 2027 жылы 100 мың текше метр және 2028-2032 жылдары жылына 150 мың текше метрді құрайды. Өндіру келісімшарты 2039 жылы аяқталады.
Бұрын жұмыс істеген комбинатты қайта іске қосуға инвестициялар 12 млрд теңгені құрады. Германия, Қытай және Ресейден жабдықтар орнатқан комбинат байытылған каолиннен басқа төрт фракциялы кварц құмын шығарады.
4 шілдеде Ақмола облысының әкімдігі керамикалық плиткалар және басқа құрылыс материалдарын өндіруге арналған шикізат шығаратын кәсіпорында орташа жалақысы 650 мың теңге болатын 90 жұмыс орны құрылатынын хабарлады. Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешовтың қатысуымен комбинат байытылған каолиннің алғашқы өнеркәсіптік партиясын шығарды.
eGov деректері бойынша, Qazaq Kaolin екі қазақстандыққа тиесілі: Қыдырғали Байбек және Бекзат Керімбай. Біріншісі Алматының экс-әкімі Бауыржан Байбектің әкесі. Бауыржан Байбек Qazaq Kaolin директорлар кеңесінің төрағасы болып табылады.
Бауыржан Байбек 2015-2019 жылдары Алматы әкімі болып жұмыс істеді. Ол бұрын әкесі Қыдырғали Байбектің тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевпен сыныптас болғанын хабарлаған.
Бекзат Керімбай – Астанадағы Aray Media Group корпоративтік қорының басшысы. Астанада тіркелген және кино, бейнефильмдер мен телебағдарламалар өндірумен айналысатын бұл компанияның жалғыз иесі – бұрынғы әкімнің қарындасы Айгүл Байбек.
