19 жастағы Селина, Баума тоғайында ағастың құлауынан ауыр жарақат алып, екі апта бойы реанимацияда жатқаннан кейін ауруханада қайтыс болды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайтыс болған қыздың әпкесі Ясмин Абитова әлеуметтік желідегі парақшасында: «Біздің қыздың жүрегі шыдамады. Ол бізден кетті...» деп жазды.
Селина 27 маусымда Алматы қаласындағы №4 қалалық клиникалық ауруханаға өте ауыр жағдайда жеткізілген болатын. Осы уақыт бойы ол реанимация бөлімінде дәрігерлердің тәулік бойы бақылауында болды.
Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше: «Барлық қажетті емдік шараларға қарамастан, бүгін, ауруханаға жатқызылғаннан кейінгі 14-ші күні, пациенттің жүрегі тоқтады. Реанимациялық шаралар нәтиже бермеді».
Еске салайық, қайғылы оқиға 27 маусымда Алматыдағы Баума тоғайында болған еді. Серуендеп жүрген 19 жастағы Селинаның үстіне ағаш құлаған. Қыз ауыр жарақаттар алды: бас сүйегі сынған, жамбас сүйегі сынған және аяғы ашық сынған. Осыдан кейін ол комаға түсіп, жасанды тыныс алу аппаратына қосылған.
Туыстары құлаған ағаштың қураған ағаш екенін айтып, тоғайда басқа да қауіпті ағаштар қалғанын, олар келушілерге қауіп төндіретінін мәлімдеді.
Оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Полиция департаменті тергеу шаралары жүргізіліп жатқанын және сот сараптамалары тағайындалғанын хабарлады.
