Батыс Қазақстан облысында бір отбасын өрттен құтқарған полиция қызметкері марапатталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, өңірлік полиция департаментінің бастығы Жаңақала ауданы Қырқопа ауылының учаскелік полиция инспекторы Нұрлыбай Нұрмұхановты адам өмірін құтқарудағы батыл әрекеті үшін марапаттады.
1 қыркүйекке қараған түні ауылды аралау кезінде полиция қызметкері тұрғын үйлердің бірінің ауласынан қою түтінді байқаған. Оқиға орнына дереу жеткен ол мал қораның өртеніп жатқанын және жалынның тұрғын үйге қарай таралып бара жатқанын көрген.
Нұрлыбай Нұрмұханов ұйқыдағы отбасыны оятып, барлығын, оның ішінде балаларды қауіпсіз жерге шығарған. Содан өрт сөндірушілер келгенше үй иелерімен бірге малдарды құтқарып, жалынның тұрғын үйге таралуына жол бермеген.
Департамент бастығы полиция қызметкерінің дер кезінде әрі батыл әрекет етуінің арқасында бір отбасының аман қалғанын айтты. Нұрлыбай Нұрмұхановқа көрсеткен ерлігі мен кәсіби қызметі үшін алғыс хат пен естелік сыйлық табыс етілді.
