Батыс Қазақстан облысында әлеуметтік желідегі "лайк" үшін төбелесте пышақ қолданған ер адам шартты жаза алды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Облыстық соттың мәліметінше, оқиға 2026 жылғы 10 мамырда сағат 02:00 шамасында болған. Сотталушы жәбірленушінің денсаулығына қасақана зиян келтіру мақсатында, оның заңды жұбайына тиесілі "Instagram" әлеуметтік желісіндегі парақшада жарияланған фотосуреттерге жәбірленушінің "лайк" белгісін қойғанына байланысты жанжал шығарған.
Осыдан кейін сотталушы оң қолымен қалтасынан пышақ шығарып, жәбірленушінің қуық тұсына екі рет және жауырын тұсына бір рет пышақ сұққан. Содан кейін оқиға орнынан бой тасалаған. Салдарынан жәбірленушінің денсаулығына ауыр зиян келтірілген.
Атап айтқанда, ішкі ағзалардың зақымдануымен іштің алдыңғы қабырғасының кіндік тұсында іш қуысына еніп кеткен пышақ жарақаты анықталған.
Сотталушы өз кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініп, жәбірленушіден кешірім сұраған. Сондай-ақ мұндай әрекетті бұдан былай қайталамайтынын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған.
Сот сотталушыны ҚР ҚК-нің 106-бабы 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танып, 3 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Алайда тағайындалған жаза шартты түрде деп есептеліп, сотталған адамға 3 жыл мерзімге пробациялық бақылау белгіленді. Сот үкімі заңды күшіне енді.
