Батыс Қазақстан облысы Бәйтерек ауданы Үлкен Шаған ауылында 17 жастағы Мария Иртикеева талайды таңғалдырып жүр. Жасөспірімнің аяғымен салған суреттері көптеген байқауда жеңімпаз атанған. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Марияның анасы Елена Иртикееваның айтуынша, қызын дүниеге әкелгенде толғағы ауыр болған. Ана мен сәби перзентханадан шыққан соң балалар ауруханасына жатып, емделеді.

«Ол әлсіз болды, бірақ дәрігерлер болашақта еш ақау болмайды, алаңдамаңыз деді. Сол екпеден кейін Машаның бір жағы сал боп қалып, церебралды сал ауруы диагнозы қойылды. Бала әлсіз болғандықтан медициналық тұрғыда екпеден босату керек болған. Біз ол туралы білмегенбіз, дәрігерлер де айтпады», — дейді анасы.

Мария 2 айлығынан бастап сал ауруымен күресіп келеді. Ата-анасы да бір күн қол қусырып отырған емес, үнемі ізденіс, тынбай еңбек етуде.

Севастопольдегі дельфин терапиясы Машаға жақсы көмектескен. «Қызымның басында жартылай шаш та өспей қалған, сол дельфин терапиясында шашы өсті, қимылы ширады», — дейді ол.

Мария 11 жасқа келгенде сурет сала бастаған. «Қолымен салуға қанша тырысса да, сала алмады. Сосын мұрнымен сурет салды, бірақ ол да қиын болды. Ақырында аяғымен сурет салуды бастады», — дейді Елена Иртикеева.

Марияның ата-анасы күні бүгінге дейін ешкімнен көмек сұрап, ешбір мекеме есігін қақпаған.