Батыс Қазақстан және Маңғыстау облыстарында жол инфрақұрылымын бағалаудың заманауи халықаралық тәсілдерін қолдана отырып, автомобиль жолдарының қауіпсіздігіне аудит пен инспекция жүргізу жөніндегі ауқымды жоба басталды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Көлік министрлігінің мәліметінше, 2,4 мың шақырымнан астам автомобиль жолы халықаралық қауіпсіздік стандарттары бойынша тексеріледі. Жоба аясында жалпы ұзындығы 2 414 шақырым автомобиль жолы қамтылады. Оның ішінде 1 384 шақырымы Батыс Қазақстан облысында, ал 1 030 шақырымы Маңғыстау облысында орналасқан.
Жобаның негізгі мақсаты – инженерлік ерекшеліктеріне байланысты жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру бойынша қосымша шараларды қажет етуі мүмкін жол учаскелерін анықтау. Дәстүрлі тексерулерден айырмашылығы, жол қауіпсіздігі аудиті жол инфрақұрылымын жан-жақты бағалауды көздейді.
Жұмыстарды жүргізу барысында ҚазжолҒЗИ жол инфрақұрылымының қауіпсіздігін басқару саласындағы халықаралық тәжірибені қолданады. Тексеру қорытындысы бойынша қосымша шараларды қажет ететін әрбір жол учаскесі үшін жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға бағытталған инженерлік ұсынымдар әзірленеді.
