Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова бастауыш сыныптардың оқу бағдарламасы өзгеретінін айтты. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Бүгінде балалардың жас ерекшеліктеріне қарай оқу бағдарламалары қайта қаралды. Негізгі мақсат – оқу жүктемесін оңтайландыру, оқушылардың оқу, жазу, математикалық және функционалдық сауаттылығының берік негізін қалыптастыру.

Министрдің айтуынша, 1-4-сыныптарға арналған “Математика” пәні бойынша 244 оқу мақсаты толық қайта қаралды. Оның ішінде оқушылардың жас ерекшеліктеріне сәйкес келмейтін бірқатар мақсат алынып тасталды, кейбірі жоғары сыныптарға ауыстырылды. Сонымен қатар пәннің практикалық бағыты күшейтіліп, күрделі теориялық тақырыптардың көлемі қысқартылды және оқу жылының басы мен соңына "Өткенді қайталау" бөлімдері енгізілді.

Сүлейменова үкімет отырысында бірінші сынып оқушылары үшін бейімделу кезеңі енгізілетінін атап өтті. Бұл әртүрлі дайындық деңгейімен келген балалардың білім беру процесіне жеңіл бейімделуіне, санау, оқу және жазу дағдыларын жүйелі қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Тілдік пәндердің мазмұны да айтарлықтай жаңартылды. Мәселен, Әліппеге дейінгі кезең 12 сағатқа ұзартылып, оны оқытуға 84 сағат бөлінді. Ал "Ана тілі" пәні екінші жартыжылдықта 102 сағат көлемінде оқытылады. Оқу бағдарламаларында ауызша сөйлеу мәдениетін, мәтінді түсіну, оқырман сауаттылығы және жазбаша коммуникация дағдыларын дамытуға бағытталған тапсырмалар күшейтілді.

Айта кетері, алдағы уақытта бастауыш сыныптарда БЖБ мен ТЖБ-ны алып тастау мәселесі қарастырылуы мүмкін.