Қазақстанда баспана кезегінде тұрған азаматтардың саны 870 мың адамға жетті. Бұл туралы Құрылыс және өнеркәсіп министрі Ерсайын Нағаспаев үкіметтегі брифингте мәлімдеді. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Kazakhstan басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Министрдің айтуынша, елде салынатын тұрғын үйлердің саны жыл сайын көбейіп келеді. Алайда баспанаға мұқтаж адамдардың саны да артып отыр.
«Бүгінде Отбасы банкі баспана кезегіне үнемі инвентаризация жасап отырады. Соның өзінде қазір кезекте 870 мың адам тұр. Өкінішке қарай, біз бәрін баспанамен қамтамасыз ететіндей көлемде тұрғын үй салып жатқан жоқпыз», – деді Нағаспаев.
Осы орайда министр Отбасы банк арқылы бірнеше бағдарлама бойынша жеңілдетілген ипотека алуға болатынын еске салды. Сондай-ақ әлеуметтік баспананың бір шаршы метрі орташа есеппен 335 000 теңгеден аспайтынын атап өтті. Бұл баспананы кезекте тұрған азаматтар ала алады.
