Николоз Басилашвили Almaty Open-2026 финалында Даниил Медведевтен жеңілгеннен кейін апта ішіндегі жеті матчтан кейінгі шаршауды және қарсыластың беріс ойынын шешуші факторлар деп атады. Грузиннің айтуынша, кездесудің соңында кортта қозғалуы қиындап, бұл артқы сызықтағы соққылар мен беріске әсер етті. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Медведев Басилашвилиді – 6:7 (6:8), 6:1, 6:3 – есебімен жеңіп, турнир чемпионы атанып, бұл жетістікті екінші жыл қатарынан қайталады. Грузин Almaty Open-ке іріктеу кезеңінен бастап қатысып, финалға дейін алты матчты қатарынан ұтып шықты. Бұл оның 2022 жылғы Доха турнирінен кейінгі алғашқы ATP финалы болды.
Басилашвили Медведевтің берісіне қарсы қабылдауда ыңғайлы позиция таба алмағанын, ал матч барысында өзінің беріс тиімділігі де төмендей бастағанын атап өтті.
«Ол өте жақсы берді. Бірінші беріс пайызы өте жоғары болды. Мен қабылдауда позициямды өзгертіп көрдім, бірақ ыңғайлы нүкте таба алмадым.
Сонымен қатар, соңында өзім де нашар бере бастадым. Аяқтарым әлсіреді, өйткені бұл менің аптадағы жетінші матчым еді, шынымен қатты шаршадым. Берісте дұрыс итеріле алмадым, бұл шешуші фактор болды: мен жақсы бере алмадым, ал ол керемет берді», – деді Николоз.
«Курсивке» берген сұхбатында грузин бэкхендтен көп қателік жіберуін де түсіндірді. Оның айтуынша, бұл соққы үшін аяқпен жақсы жұмыс істеу және төмен позицияны сақтау ерекше маңызды, бірақ шаршауға байланысты оны орындау мүмкін болмады.
«Бэкхендтен сапалы соғу үшін аяқтарымды өте төмен қойып еңкейуім керек, ал бүгін аяқтарым нашар жұмыс істеді. Мен допты жиі тік аяқпен қарсы алып, төмен тұрысты ұзақ ұстай алмадым.
Екі-үш розыгрышқа ғана жеттім, содан кейін шаршау басталды. Осыған байланысты бағытты жақсы өзгертіп, бэкхендтен допты өткір аудара алмадым».
Басилашвилидің айтуынша, қосымша қысымды өзінің тұрақсыз берісі туғызды.
«Даниил керемет ойнады, оған қоса нерв те қосылды. Мен толық еркін ойнай алмадым, өйткені беріс жүрмеді, ал ол жүрмегенде бұл бүкіл ойыныма қатты әсер етеді.
Маған кортта агрессивті позицияны сақтау керек, ал ол орындалмағанда нашар ойнаймын. Қазір бір-екі күн демалыс керек, содан кейін бәрі реттеледі деп ойлаймын».
Басилашвили Медведевтің қорғанысы ғана басты кедергі болды деген пікірмен келіспеді. Оның айтуынша, қабылдауда мүмкіндіктер аз болатынын түсіну оған әлдеқайда қатты әсер етті.
«Ол керемет қорғанады, бірақ мәселе бұл емес еді. Маған оның қаншалықты жақсы бергені қысым жасады. Мен өз берісімдегі әрбір розыгрышты дерлік алуым керек екенін түсіндім, өйткені оның берісінде мүмкіндік өте аз болды.
Артқы сызықта мен ешкіммен ойнаудан қорықпаймын. Егер жақсы қабылдап, жақсы берсем, кез келгенді жеңе аламын. Бірақ бүгін ол керемет берді, мен беріс бағытын оқи алмадым. Басты мәселе дәл осында болды».
Жеңіліске қарамастан, грузин Алматыдағы өнерін оң бағалады. Күзгі азиялық серия алдында ол техникалық өзгерістер енгізгенін, оның айтуынша, бұл қайтадан айтарлықтай агрессивті ойнауға мүмкіндік берді.
«Қытайдағы турнирлер алдында ойынымның кейбір техникалық тұстарын түзедім, қазір өте агрессивті теннис көрсете аламын.
Енді бәрі денемнің жүктемеге қаншалықты төзетініне байланысты. Физикалық тұрғыдан өзімді жаман сезінбеймін, бірақ жеті матч – бұл өте көп.
Егер сапалы бере алсам, топ-деңгейдегі теннис көрсете аламын. Бірақ қадам сайын ілгерілеймін. Тек мүмкіндігінше көп матч ұтқым келеді».
Almaty Open финалына шығу Басилашвили үшін ATP деңгейіндегі төрт жылдағы ең үздік нәтиже болды. Бұған дейін грузин әлемдік рейтингте 16-орынды иеленген, ал соңғы маусымдарда бірнеше жарақаттан кейін алғашқы жүздікке қайта оралуға тырысты. Финал алдында ол топ-100 құрамында бекіп, топқа біртіндеп оралуды жалғастырғысы келетінін айтқан болатын.
Almaty Open 17-25 қазан аралығында «Алматы Аренада» өтті. Жүлде қоры $1,07 млн болатын ATP 250 санатындағы турнир Қазақстанның оңтүстік астанасында үшінші рет ұйымдастырылды.
