Бас прокуратура әлеуметтік желіде таралып жатқан ақпаратқа қатысты үндеу жариялады. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Sputnik Қазақстан басылымына сілтеме жасап хабарлайды.

Әлеуметтік желіде қоғамда алауыздықты қоздыруға бағытталған арандатушылық сипаттағы жарияланымдар мен пікірлер тарала бастады. Прокуратура мұндай әрекеттерге мүлдем жол берілмейтінін және заңға сәйкес қатаң түрде қудаланатынын еске салады.

Алауыздықты қоздырғаны үшін қарастырылған жаза: 2000-7000 АЕК-ке (2026 жылы 8 650 000-30 275 000 теңгеге) дейін айыппұл; 2 жылдан 20 жылға дейін бас бостандығын шектеу немесе айыру. Бұдан бөлек, Қазақстанда онлайн-платформаларда құқыққа қайшы контентті орналастыруға және таратуға тыйым салынған.

Қылмыстық құқық бұзушылық белгілері болмаса, 20 АЕК (2026 жылы 86 500 теңге) мөлшерінде айыппұл салынады. Сондықтан таратылатын ақпараттың шынайылығын тексерген дұрыс. Ал көрінеу жалған ақпарат таратылған жағдайда қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Бас прокуратура мұндай жарияланымдардың авторлары ғана емес, оларды саналы түрде таратуға қатысқан адамдарға да құқықтық салдар туындайтынына назар аудартады. Прокурорлар азаматтарды арандатушылыққа ермеуге, тексерілмеген ақпаратты таратпауға, қоғамдық келісіммен азаматтар арасындағы өзара құрметке нұқсан келтіруі мүмкін жарияланымдар мен пікірлерден бас тартуға шақырады.