Астаналық «Барыс» Уфада өтіп жатқан маусым алдындағы Кубок Республики Башкортостан турнирінде алғашқы ойынын өткізді. Михаил Кравец шәкірттері жарыс иелерінен 1:4 есебімен ұтылып қалды. Бұл туралы Qazaqyia.kz порталы Kursiv Media басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Турнирдің алғашқы ойын күні «Амур» мен «Лада» арасындағы матчпен ашылды. Қиыр Шығыс командасы Еділ бойының клубын 5:0 есебімен тас-талқан етті. Осыдан кейін Кубоктың салтанатты ашылу рәсімі өтіп, содан соң мұзға «Салават Юлаев» пен «Барыс» шықты.
Есеп 15-минутта иелердің пайдасына ашылды. Сандық артықшылықты Максим Кузнецов голға айналдырды. Кезең аяқталмай біздің команда есепті теңестірді. Алихан Өмірбеков америкалық Чейз Приски мен Мади Диханбектің күш-жігерін нәтижелі аяқтады – 1:1. Үзілістен кейін уфалықтар қайтадан артықшылықты сәтті пайдаланды, ал матч соңында Андрей Шутовтың қақпасына тағы екі гол соқты – 4:1.
Кубок Республики Башкортостан-2026 бойынша хоккейден
🏒 АМУР (Хабаровск, Ресей) – ЛАДА (Тольятти, Ресей) 5:0 (1:0, 2:0, 2:0)
🏒 САЛАВАТ ЮЛАЕВ (Уфа, Ресей) – БАРЫС (Астана, Қазақстан) 4:1 (1:1, 1:0, 2:0)
«Барыс» дәстүр бойынша алғашқы оқу-жаттығу жиынын Астанада өткізді. Командаға жаңа ойыншылар қосылды, алайда Уфаға негізгі құрамның барлық ойыншылары жете алмады. Американдық Джастин Бэйли мен Мэйсон Морелли құжаттарын рәсімдеп жатыр, ал Алихан Асетов жарақатынан кейін жеке бағдарлама бойынша қалпына келуде.
Ойыншылар мен бапкерлік штаб алдағы маусымға «Барыстың» капитанын анықтады. Ол Кирилл Савицкий болады. Ассистент міндетін Джейк Масси, Самат Данияр және жоғарыда аталған Морелли атқарады.
Ертең «Барыс» Башқұртстан Кубогы аясында «Амурмен» ойнайды. Ал турнирдің соңғы күні, 20 тамызда, «Ладамен» күш сынасады.
Уфадағы маусымаралық турнир алғаш рет 1999 жылы «Салават Юлаев» хоккей клубының жүлделеріне арналған турнир» деген атаумен өткізілді. 2001 жылдан 2012 жылға дейін ол «Башқұртстан Республикасы Президентінің Кубогы» деп аталды, ал 2012 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Башқұртстан Республикасының Кубогы деп аталады.
Иелер басты жүлдені 12 рет жеңіп алды. Қалған командалар арасында ең жиі Ярославльдің «Локомотиві» жеңіске жетті (3), бір реттен «Авангард», «Ак Барс», «Лада», «Молот-Прикамье», «Нефтехимик», СКА, «Югра», «Северсталь» және словакиялық «Скалица» жеңімпаз атанды. «Барыс» 2018 жылы Уфадағы турнирде төртінші орын алды.
